Кәсіподақ

Сұхбат


Жұмысшы мүддесі - бірінші кезекте

«Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінгі таңда 2100-ден аса адам еңбек етсе, оның 95 пайыздан астамы мекеме жанынан құрылған кәсіподақ ұйымына мүше. Мекеме жұмысшыларының жай-күйімен танысып, атқарған шаруалары, алдағы күнге жоспарларын білмек болып, ұйым төрағасы Сәкен Бекқалиевпен сұхбат құрдық.

— Кәсіподақтың міндеті - жұмысшының құқығын қорғау. Жұмыс беруші кәсіподақтың талабымен санасады, ал жұмысшы топ кәсіподаққа арқа сүйейді. Ендеше, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған ұйымның қызметінен бастасақ.

— Жалпы, кәсіподақ ұйымы іс жүзінде жұмысшылардың мүддесін қорғайтын бірден-бір орын екенін өзіңіз де айтып өттіңіз. Біз ең алдымен Серіктестіктегі еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстаймыз. Бүгінгі таңда жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері толықтай шешімін тапқан деуге болады. Айлық жалақылары сәйкесінше төленіп, өндірістегі жағдайлары тиісті мамандар арқылы жедел түрде шешіледі. Бір арыз қараусыз қалмайды, себебі оның артында үлкен әлеуметтік мәселе болуы мүмкін.

— Осы аталған мәселелерді шешуде басшылықпен етене жұмыс істеу қаншалықты дұрыс жолға қойылған?

— Қазіргі таңда мәселелерімізді ашық түрде серіктестік басшыларының алдына қойып, оларды шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеміз деуге толық негіз бар. Яғни, әлеуметтік серіктестік жағдайында жұмыс жасау деңгейіне деңгейіне қол жеткіздік. Бұны компанияға жаңа басшы мен жаңа жас мамандардың келуімен тығыз байланыстыруға болады. Кез келген мәселені дау шығарып, шу көтеруге апармай-ақ, үстел басында отырып шешуге қол жеткіздік. Бұл да креативті көзқарастағы жаңа басшылықтың біздің ниетімізді түсінуі деп ойлаймын. Бүгінде мекемеде біздің ұсынысымызбен еңбек кодексінің заңдылықтарын сақтау мақсатында құрылған келісім және өндіріс комиссиялары жұмыс істеуде. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында берілген ұсынысымыздың нәтижесінде жаңа техникалар сатып алынды. Серіктестік отбасында қиын жағдайларға душар болған жұмысшыларға өз тарапынан көмек көрсетуді қолға алды. Бұлардың бәрі түптеп келгенде жұмысшының жұмыс берушіге деген сенімін арттыратын қадам деп есептеймін. Мүдделер үйлесімділігі болған жерде түсіністік пен сыйластық артатыны сөзсіз.

— Жұмысшылардың демалысын ұйымдастыру жағы қалай?

— Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Әйтсе де, ми қайнатар аптап ыстық пен қытымыр қыстың суығында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір мекеме қызметкеріне сәйкесінше әлеуметтік жағдай жасалуы тиіс деп есептеймін. Бұл тұрғыда көптеген іс-шаралар қолға алынды. Ел көлеміндегі таңдаулы 20-дан астам демалыс орнымен келісім- шартымыз бар. Оның ішінде биыл ғана жолдама беріле бастаған Алматы қаласындағы «Ресорт» шипажайы да жұмысшылардың көңілінен шықты. Бұл орталықпен мұнай мекемелерінің ішінде шарт тек бізде ғана бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі таңда 700- дей жұмысшымыз түрлі демалыс орындарына барып келді. 50 қызметкеріміз еліміздегі басты саяси шара - Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. «Кендірлі» демалыс орнын да жаз кезінде тиімді пайдалануды қолға алдық. Бір мезгілде 64 адам тәулік бойы отбасымен демалатын орында барлық жағдай жасалған. Барушыларға салқындатқыш орнатылған бөлме, 3 мезгіл тамақ және теңізде тегін қайықпен серуендеуге мүмкіндік бар. Теңізге тегін апарып-әкелу жағдайы да қарастырылған. Яғни мұнайшылардың жаз мезгілінде мүмкіндік қалауларына қарай жеке өзі немесе отбасымен кедергісіз демалуларына қолдан келген жағдайларды жасап жатырмыз. Бұл бағытта алда әлі де біріккен жобалар жасауды жалғастыра береміз. Бір айта кетерлігі, бұрынғы жылдары демалыс орындарына баруға асып кетсе 300- 400 адамға жағдай жасасақ, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге көбейді. Бұл «Бұрғылаудың» кәсіподақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның бәрі жалақының көтеріліп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруымен байланысты.

— Сіздердің бұлардан бөлек түрлі спорттық шараларға демеушілік көрсетіп, қайырлы іс жасауда да қалыс қалмайтындарыңызды білеміз. Осы орайда атқарылған жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз.

— Кәсіподақ ұйымы қазір біреуге алақан жаятындай жағдайда емес. Ұйым мүшелерінің қажеттіліктеріне қарай жәрдем беру, спорттық шараларға, мүжәлсіз отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Осы орайда 1 маусым - балаларды қорғау күнінде өз қызметкерлеріміздің бүлдіршіндеріне арналған мерекелік концертпен қатар, Жаңаөзен қаласындағы оңалту орталығының 216 тәрбиеленушісіне сыйлықтар тапсырып, қуаныштарына ортақтастық. Облыстық кәсіподақ ұйымымен бірлікте аймақ көлемінде түрлі қайырымдылық шараларға етене араласып, демеушілік жасадық. Мүмкіндігінше мүжәлсіз отбасыларға да көмек қолын созуға тырысамыз. Таяуда ғана мекеме жұмысшылары қаражат жинап, оған кәсіподақ ұйымы да қаржылай қолдау білдіріп, «Рахат» ауылындағы бір үйдің төбесін жауып, ішіне жылу орнатылды. Биыл тұңғыш рет Наурыз мерекесі қарсаңында әр отбасыға сыйлық дайындадық. Балаларға ұлттық тәрбие беру, төл мерекеміздің маңызын ұғындыруға аз да болса үлес қосу мақсатында жасалған бұл қадамымызды ешкім терістемес. Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау шараларынан да тыс қалып жатқан жоқпыз, талқылау, үн қосу жұмыстары жоспарлы түрде ұйымдастырылып жатыр.

— Жұмысшы мүддесін қорғауда алда тағы қандай шаралар атқарылмақ?

— Жақсы ой көп. Жасалған ауқымды жұмыстарды ары қарай жалғастыра береміз. Одан бөлек, 2018 жылдан бастап ұжымдық шарт жаңаланбақ. Сол жерде әлеуметтік пакетті кеңейту мәселелерін қарастырмақпыз. Сонымен қатар, «Бұрғылау» ЖШС-ның басқа облыстарда жұмыс көлемінің болуына байланысты сол аймақтарда еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жағдайларын қолға аламыз. Тағы бір мәселе - Маңғыстау облысы мұнай- газ мекемелері шоғырланған аймақ болғандықтан, ортақ мәселелердің орын алуы түсінікті жағдай. Бірақ әр мекеменің кәсіподағы ұқсас мәселелерді түрліше шешіп жатады. Осы орайда, менің ойымша біздің аймаққа да облыстық салалық кәсіп- одақ ұйымын құратын уақыт жеткен тәрізді. Ендігі жерде сол мәселені қолға алғымыз келеді. Оның алғышарттары бар. Қалғаны - уақыт еншісінде.

Сұхбаттасқан
Айжан НАСЫРОВА.

2017 жыл


Компания келешегі зор бұрғылау компанияларының бірі болып табылады

Компания ұсынылатын бұрғылау қызметтерінің жоғары сапа стандарттарын алға қояды

Компанияда жоғары білікті мамандар жұмыс жасайды

Компания дамуының негізі - жинақталған мол тәжірибе мен жаңа заманғы технологияларды пайдалану


«Бұрғылау» ЖШС

«Бұрғылау» ЖШС бұрғылау жұмыстары саласында жұмыс жасайтын Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі. Мұнай-газ саласында, атап айтқанда пайдаланылатын мұнай және газ ұңғымалары құрылысы, ұңғымаларды күрделі жөндеу, ұңғымаларды игеру, ұңғымаларды физикалық жою, көлік қызметтерін көрсетеді.

+

Вход